ҚҰРБАН ЖҮРЕК

Түс мезгілі. Жүн түтіп отырған әжей мектептен келген немересінің тамағын ысытпақ боп орнынан тұрды. Немересі әлденеге ашулы көрінді, бұрқылдап сөмкесін бір жерге, киімін бір шетке лақтырды. Тамағын апыл-ғұпыл ішті де, ләм деместен сыртқа шықты. Жарты сағат өтпей қайта келді. Бірдеңе бүлдіргендей әжесіне қипақтаумен болды.
– Құрмаштай, не болды саған? Бір жерің ауыра ма?
– Жо-оқ, жәй әшейін.
Немересінің қайта сыртқа шығып кеткенін байқамай қалған әжей ыңылдап отырып ісін жалғастыра берді. Есіне бірдеңе түскендей терезе алдында тұрған магнитофонға ұзақ қарады.
«Қап, әлгі баланың кетіп қалғанын қарашы, мынасын қостырып алатын, Саматжанның беріп жіберген термесін тыңдар едім… Айттым Саматжанға: жұмысыңды тездет те, ауылға апарып таста мені, – деп. Мынау зәулім қалаңда тұншығып өмір сүре алар емеспін. Немеремнің сыйқы мынау, бұл менің туған әжем, әкемнің асыл анасы екен деп бір елжіреуді білмейді. Орыс боп кеткен неме өңкей. Егер Сәтжаным тірі болғанда ауылымда-ақ немерелерімді айналып-толғанып отыра берер едім-ау. Төрімнен көрім жақын қалғанда туған топырағымнан, шалымның күмбезінен алыстатып…
Қайдағы зерттеулермен Саматжанның өзі де бір үйінде тұрмайды. Келін дейтін инабатты келін болса екен-ау, сірә. Таңсәрімен безілдеп кетіп, түн жарымда безілдеп келеді. Жұмыстары неткен ауыр еді өздерінің, түсінбеймін. Өткенде тлипонмен сөйлесіп отыр, шүлдірлеп бірдеңелерді айтып, мәз боп күледі-ақ. Кішкене иба сақтауды ойласа қайтеді, ә? Өлмесем, әлі-ақ кетермін ауылыма».
Сағат тілі беске таяғанда әжей тамақ қамымен күйбеңдеп жүргені. Кешкі астарын ішкен соң немересін жуындырып, кекілінен сипап ұйықтатады. Кәрі адамда ұйқы бола ма, кеш қоюлана келген келініне тамағын ысытып, дастарқанын әзірлеп берді де, қайта келіп немересінің аяқ жағына кеп жантайған. Қанша уақыт өткенін кім білсін, асүйден шыққан дарақы күлкілерден оянып кетті, дауыстары да анық естіліп тұр.
– Галя, енешкаң қуып шықпасын бізді. Әйтсе де, сен бақытты екенсің, енешкаң бразильский сериалдардағы служанка сияқты қызмет атқарып, сені аялап отыр.
– Аяламай көрсін, анау немересі үшін де бәрі. Қайта күнделікті ішіп-жеп отырған нан-суыма рахмет айтсын. Саматжанға қанша айттым, тамағы мол қарттар үйіне өткізейік деп, өлмейді, әйтеуір. Дұрыс емес пе?
– Наныңа жау ғып қайтесің, шынында да, – деп екінші бір бейтаныс дауыс бір күліп алды да, – но, Саматик дұрыс істеген. Ақылды еркек туған анасын, ақ сүт берген құдіретті анасын далаға тастамайды. Мына тост Галяның мейірбан енешкасы үшін алынсын, – деді.
– Жо-жоқ, сен немене, мені басынып отырмысың, қайдағы алжыған үшін тост көтеріп, оны жиіркенбей ішіп салады дейсің бе?! – Бұны айтқан келіні.
– Галя, қойшы, сол үшін жүйкеңді құртып…
– Жоқ, қоймаймын. Сен немене менің енем үшін тост көтеріп, сен кімсің өзің, а?..
– Галя, қойшы енді…
Асүйдегі отырыстың арты ерегіске айналып кеткеннен сау ма өзі деп ойлауы мұң екен.
– Жетті енді, тоқтат!
– О-о, менің дәмімді татып отырып, маған дауыс көтереді, сен сайқал, шық үйімнен…
– Мә, ендеше, тарт сазайыңды… – деген дауыстар бірін-бірі басып кетіп жатты. Әжей шошып оянған немересін бауырына қысып жұбатумен болды. Асүйден келінінің көмек сұрап жалбарынған даусы естілді. Немересін төсегіне жатқызып, асүйдің табалдырығына тәлтіректеп әрең жетті. Келінін қан жоса қып сабаған бес әйелді көзі шалып, жүрегі қысылып, дем жетіспей қабырғаға сүйеніп үлгерді. Көзінің алды қарауытып, ештеңе көре алмай қалса-дағы құлағына немересінің ащы даусы естілді.
…Тау етегінде түрлі-түсті тастарды зерттеп отырған жас жігітке бас геолог жеделхатты ұстатып, төмен қарады. Жеделхатты құша жылаған жігіт «апатайлап» жер тепті.
Салтанат МАХАТОВА.
Жамбыл облысы.

Сізге де ұнауы мүмкін

ҚҰРБАН БОЛҒАН ТУЫСТАР
ЕЛДОСТЫҢ ӘЙЕЛІ МЕ, ЕЛДІҢ ӘЙЕЛІ МЕ?

Автор

Меню