ҚҰДАНЫҢ БАСЫ ЖАРЫЛЫП, ҚҰДАҒИ ЖОҚТАУ АЙТҚАН ТОЙ

ҚҰДАНЫҢ БАСЫ ЖАРЫЛЫП,
ҚҰДАҒИ ЖОҚТАУ АЙТҚАН ТОЙ

Сейіт институт бітіріп, дипломмен оралғанда әке-шешесінің қуанышында шек болмады. Оның үстіне таяу арада үйленетінін қоса жеткізген. Бала ата-ананың бауыр еті емес пе, Қажыбай мен Мәдина дүрілдетіп той өткізбек болды.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп жүріп той болатын күн де келіп жетті. Құдалар кілең ығай мен сығай. Екі автобус аузы-мұрнынан шығып келді. Ауылдың тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Дастарқан үстінде құс сүтінен басқаның бәрі бар. Құда-құдағилар, жолдас-жоралары да екі жасқа жүрекжарды ақ тілектерін айтып, стақанға құйылған ішімдіктерін ішіп жатты. Бірінші отырыстың орта кезінде араққа сылқиып тойып алған жастар: «ащы, ащыға» басты. Жер тепкілеп, ысқырып қоймаған соң қалыңдық пен күйеу қайтсін, қысыла-қымтырыла тұрып, сүйісудің ырымын жасады. Осы кезде құдалар жағынан келген ақсақал Оразбай қарт орнынан тұрып:
– Тоқтатыңдар мұндай масқараны! Қазақылығымызға жат әдетті дәріптеп, ар-ұяттан айырылып болдық қой. Мұндай сұмдыққа тосқауыл қоятын мезгіл жетті, шырақтарым, қойыңдар! – деді. Қызып алған жастар оған мән берер емес. Бір рет қана сүйіскенге көңілдері толмағандай қос ғашық та қарияның сөзін елемеді. Болмаған соң Қажыбай құдалардың үлкендерін үйге алып кетуге мәжбүр болды.
…Түн ортасы. Тойдың нағыз қызған кезі. Ащы суға тойып алғандардың көздері тұманданып, сүзеген бұқаша ұрынарға қара таппай жүргендер көбейе бастаған. Бір кезде: «құданың басын жарып кетіпті», – деп үйдегілер дүрліге жөнелді. Көпшілік жүгіре сыртқа шықты. Жарылған басын қол орамалмен басып ортада бас құда тұр. Сөйлеуге мұршасы жоқ. Қып-қызыл мас. Жанжалдасып жатқан топтың ортасына араша болуға барыпты. Көздері қанталаған мас адам қарасын ба, қолындағы ағашпен салып қалса керек. Сонымен не керек, Қажыбай олай жүгіріп, былай жүгіріп бір машина тауып құдасын ауданның ауруханасына жөнелтті.
Машинаның орнынан қозғалуы мұң екен, қызара бөртіп алған құдағи көзін ашып-жұмып теңселіп тұрып зарлы дауысқа салып:
— Асылдан туған сұңқарым,
Басы жарылып қан болды-ау!
Арысым еді-ау мал тапқыш,
Қапыда кетіп қор болды-ау! – деп аузына келгенін айтып жұрттың мазасын алды. Басу айтқандарды тыңдар емес. Тойдың шырқы бұзылған соң келген қонақтар енді қалудың ретін таппай, үйді-үйіне тарай бастады. Осы кезде таң да қылаң бере бастаған еді. Құдалардың есі дұрысы бірін-бірі түгендей бастады.
– Қиянат жоқ, іздеңдер! Біреулер өлтіріп кетіп жүрмесін! Бұзық ел екен ғой, – десіп жатты. Қиянат деп отырғаны келіннің туған ағасы екен. Екі жақтың адамдары шыр көбелек айналып тапты-ау. Дәретхананың маңында ұйықтап қалыпты. Келіншегі Сәнгүл күйеуінің түрін көріп шошып кетті. Сол уақытта құдалардың бірі:
– Ойбай, Садуақас жоқ! – деп айғай салды. Ашуға булығып тұрған құдалар: «Іздеңдер! Не деген ауыл?! Масқарамызды шығарды-ау», – деп бірінен соң бірі бетін тырнай бастады. Абырой болғанда келіннің Садуақас нағашысы да табылды.
Құдалар түгел жиналған соң Қажыбай алып-ұшқан жүрегін басып, құдаларды шығарып салу қамына кірісті. Тағы да арақ ішілді, тұздалған қиярлар желінді, жақсы тілектер айтылды. Бірақ кетер алдында құдағиы Қажыбайға ызғарлы дауыспен:
– Құда-ау, бұл не қылғаның? Құдаңның басын жарып қорладың. Той өткізе алмайтының бар, несіне бізді әуреледің? Қызымды жібі түзу жерге келді ме десем, нағыз жын-ойнақтың ортасына келген екен ғой, – деп ашулы кейіппен кете барды. Қажыбай не айтарын білмей, жер шұқып қала берді.
Той қамына әзірленумен бірнеше күн ұйқы көрмей жүрген бишара үйге кіріп, ағаш кереуетке құлай кетті. Қор ете түскені сол еді, шошып оянды. Қараса қасында Мәдина кемпірі жылап отыр.
– Әй, саған не болды? – деп шошына қарады.
– Ана жақта келін: «Әкемнің басын жардыңдар, туыстарымды масқаралап ұятқа қалдырдыңдар, тұрмаймын мен бұл үйде», – деп бүлініп жатыр…
– Өзі қайда? – деді ешнәрсенің мәнісін түсінбеген Қажыбай.
– Қайда болушы еді, төргі бөлмеде отыр. Аузында шылымы, шамасы ол да аздап ұрттап алған-ау деймін. Міңгірлеп орысша сөйлейді…
– Біздікі ше?
– Қасында, үндемейді.
Қажыбайдың басы айналып, көзі қарауытып кетті. Тек: «Құдайым-ау, мұндай да сұмдық болады екен-ау! Сонша не жаздым?» деп іштей қайталай берді. Кемпірі болса екі көзіне ерік беріп, анда-санда мұрнын тартқаны болмаса дыбыс шығармай отыр…
Айса ХАМЗЕҰЛЫ,
Ақмола облысы, Астрахан ауданы.
(№2(188) Ақпан 2006 жыл)

фото ғаламтордан алынды.

Сізге де ұнауы мүмкін

СҮЙІКТІНІҢ СҮРІНУІ
ЕКІ АЙРЫЛЫП, ТАБЫСҚАНДАР

Автор

Меню